Кене туралы кеңес берсек

Күн жылынып, жер көгере бастағаннан-ақ қалалықтар мен қала меймандары тауға шығуға, көгалға демалуға ағыла бастайды. Мұндай жағдайда таза ауада тынығушыларға, саяжайда жұмыс жасаушыларға, малды күтiп, баптаушыларға, жемiс-жидек теру­шiлерге кенелерден абай болуын ескертемiз. Кененiң шағуы – адамды қауiптi ауруларға және көп жағдайда өлiмге апаруы мүмкiн. Кене үйге гүл шоғымен де, иттiң жүнiне iлесiп те келедi. Кененiң қауiптiлiгi сонда, олар адамның киiмiнiң астарына байқатпай кiрiп, денесiне қадалып алып сорғанда мүлде ауырмайды. Көп жағдайда адам кененi келесi күнi немесе тiптi одан да кейiн байқайды. Ауру сәуiр айынан қазан айына дейiн кездеседi, бiрақ ең қауiптi кезең – мамыр, мау­сым айлары. Өйткенi кененiң көбейетiн кезi – осы уақыт. Ауру белгiлерi кене шаққаннан кейiн 2 аптадан (7-14 күн) соң бiлiне бастайды, кейде 1-2 күннен немесе 45 күннен кейiн бiлiнедi. Себебi, ол ағзаға түскен вирустың көлемiне байланысты. Көпшiлiк жағдайда аурудың жеңiл және орташа түрлерi кездеседi. Бұл жағдайда науқас адамның дене қызуы 38 С-қа дейiн көтерiледi, басы қатты ауырып, бұлшық еттерi сыздайды. Бiрақ, оның ауыр түрлерi де кездеседi. Бұл кезде дене қызуы 39-40 С-қа дейiн көтерiледi, құсқысы келедi, мойнының, қолы мен аяғының бұлшық еттерi сыздап, ауыр тартады.

Кенелерден сақтану үшiн төмендегi ережелердi есте ұстағаныңыз дұрыс. Егер кенелер өмiр сүретiн қауiптi аумақта болсаңыз, ашық түстi киiм киiңiз. Шалбарыңыздың балағын носкидiң iшiне, жейдеңiздi шалбардың iшiне салып және мiндеттi түрде кененiң бар-жоғын бiлу үшiн бiр-бiрiңiздi мұқият тексерiңiздер. Егер денеңiзден кененi байқап қалсаңыз, саспаңыз. Кенеге өсiмдiк майын тамызу қажет. Кененiң тұмсығын жiппен орап алып, маятник тәрiздi ырғақты қозғалыспен жайлап денеден шығарып алу керек. Кененi денеден күрт тартып алу – вирус жұқтыру қаупiн арттырады. Шаққан жерiн йодпен немесе спиртпен сүрту қажет.

Тез арада жақын маңдағы медициналық мекемеге барып көрiнiңiз. Сiзге қажеттi көмек көрсетедi. Кененi сақтап қойыңыз және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына көрсетiңiз. Олар кененiң қаншалықты қауiптi екенiн анықтайды.

Үй жануарларының жүнiн қырыққан кезде абай болыңыз. Өзiңiздi қауiптен қорғау үшiн қолыңызға резiңке қолғап киiңiз. Себебi, қауiптi вирусты жаншылған (кесiлген) кененiң қаны арқылы жұқтыруға да болады.